Экономика

Туризмді дамыту: 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыста туризм саласының даму перспективалары талқыланды.

Жиында «Облыста туристер саны тұрақты түрде өсіп келеді» деп хабарлады облыстық сыртқы қатынастар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы. Оның айтуынша, 2017 жылдың үшінші тоқсанында ғана қонақүйлер мен жатақханаларда 77 мыңнан астам қонақ тіркеліп, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға артқан.

Елге келушілер туризмінде іскерлік сапарлар басым. Есесіне облысымыздың мəдени жəне тарихи мұрасымен танысқысы келетін саяхатшылар аз. Мəдени-тарихи туризм дамуының кешеуілдеуінің маңызды мəселесі өлкенің көрікті жерлерін дəріптеу жұмыстарының нашарлығы, қызметтер сапасы мен қызмет көрсету мəдениетінің төмендігі, жол бойындағы қызметтерді дамытудың нашарлығы болып табылады. Облыс әкімі барлық айтылған бағыттар бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

— Қызмет көрсету мəдениеті болу керек. Этикет, сапалы қызмет — бізде жоқтың қасы. Біздің облыста көрікті жерлер көп емес, бірақ барымен жұмыс істеу керек. Сондай-ақ, көшпелі медицина туризмін дамыту қажет, — деді Бердібек Сапарбаев.

Биыл өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жалпы құны 5,1 миллиард теңге болатын 30 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, бұл жол бойында қызмет көрсететін 20 құрылым, 7 қонақүй, аквапарк, шипажай-панто емхана мен демалыс орны.

Бұдан басқа, Ермек Кенжеханұлы «Бақытты бала» жобасын жүзеге асыру аясында облыстың 2 мыңнан аса оқушысы осы жазда Қазақстанның киелі жерлеріне саяхаттайтындарын мəлімдеді. Облыс əкімі білім басқармасына жолдамалардың оқуда, түрлі интеллектуалдық, спорттық жəне шығармашылық байқауларда ерекшеленген, қоғамдық өмірге белсене араласқан оқушыларға берілуін қатаң бақылауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button